Тәттімбеттің күйлері

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне 15 желтоқсанда «Шафердің музей-үйінің» концерт залында «Тәттімбеттің күйлері» музыкалық кеш өтті.

Тәттімбет Қазанғапұлы – болыстық билеуші, дипломат, қазақ халқының көрнекті күйші-композитор, XIX ғасырдың классикалық домбыра музыкасының негізін қалаушылардың бірі.

Іс-шарада күйшінің өмірі мен шығармашылығы, туындыларының құрылуы тарихы туралы айтылды. Музей қонақтарына Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің орындауында күйлерінің сирек кездесетін жазбалары, сондай-ақ көрнекті қазақ домбырашылары - А. Хасенова, М. Хамзина, Ж. Шакеримова жазбалары тындатылды. Жазбалар әр жылдардағы (1950-1980 жж.) патефон және винил күйтабақтарынан цифрленген.

«Сары жайлау», «Көкейкесті», «Қос басар», «Сылқылдақ», «Бастау қосбасар», «Былқылдақ» күйлері ойнатылды.